2025 жылдың қыркүйек айында
Астана қаласы әкімдігінің «№ 119 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз есігін ашты!
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бірлесе әзірлеген «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында бой көтерген бұл жаңа білім ордасы оқушылардың сапалы әрі қолайлы ортада білім алуына жан-жақты жағдай жасап отыр.
2000 орынға арналған жаңа мектепте қауіпсіздік пен жайлылық-басты басымдық. Мектеп аумағына орнатылған 180 бейнебақылау камерасы ішкі кеңістікті толық бақылауға мүмкіндік береді. Кең әрі жарық дәліздер оқушылардың еркін қозғалуына қолайлы. Заманауи техникалармен жабдықталған кабинеттер интерактивті және тиімді оқу үдерісін ұйымдастыруға жол ашады. 428 орындық үлкен мәжіліс залы мектепішілік іс-шаралар мен жиындарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ педагогтардың тиімді жұмысына арналған 5 мұғалімдер бөлмесі және әр кабинетте алғашқы көмек көрсетуге арналған арнайы медициналық қобдишалар бар.
Мектепте қажет құралдармен толық жабдықталған оқу кабинеттерімен қатар, кең демалыс аймақтары, шығармашылық коворкинг орталықтары, компьютерлік сыныптар және STEM кабинеті қарастырылған.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да толыққанды қолжетімді орта жасалған. Арнайы оқу бөлмелері, сенсорлық кабинет, пандустар, кең лифтілер, тактильді жолақтар мен арнайы жабдықталған санитарлық бөлмелер инклюзивті білім беру талаптарына сай орнатылған.
Жайлы мектеп – балалар үшін қауіпсіз, заманауи, ашық орта қалыптастыратын ерекше білім кеңістігі. Мұнда оқушылардың академиялық көрсеткіштерімен қатар, жеке әлеуетін ашуға бағытталған барлық мүмкіндік бар.
Оқушылардың қызығушылықтарына сай түрлі спорт және өнер бағытындағы үйірмелер ашылуда: «Тоғызқұмалақ», «Волейбол», «Шахмат», «Баскетбол», «Бес асық», би, хор, домбыра үйірмелері мен шешендік қабілетін дамытатын «Дебат» клубы жұмыс істейді. Алдағы уақытта «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін басқа да үйірмелер ашу жоспарлануда.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, адал да жауапты ұрпақ тәрбиелеу-мектептің негізгі мақсаты. Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды тиімді пайдалана отырып, болашақ мамандардың қалыптасуына ықпал ету көзделген.
Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі жобалар жоспарлануда. Соның бірі-«Әдебиет әлем құндылығы» жобасы. Жоба оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, әдебиеттің мәнін ашуға бағытталған. Сонымен қатар тәрбиелік мағынасы бар бейнероликтер мен фильмдер арқылы оқушыларға ой салу жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа оқу жылының басында мектепте жалпы 128 педагог және қоса атқарушы 1 педагог еңбек етеді. Оның ішінде педагог-шебер-1, педагог-зерттеуші-27, педагог-сарапшы-14, педагог-модератор-40 маман. Мектептің кіреберісіне FaceID технологиясымен жұмыс істейтін турникеттер орнатылып, оқушылар мен қызметкерлердің деректер базасы жасақталуда.